
Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны және 19 жастағы студент қыз синтетикалық есірткі таратты деген күдікке ілінді. Қазан айының басында полицейлер оларды ер адамға тиесілі «Mercedes» автокөлігінде ұстады. Автокөліктен психотроптық зат салынған 30 түйіншек тәркіленді, тағы 72 түйіншек күдіктілерден өздерінен табылды.
Студенттің тұрғылықты жерінен полицейлер 27 гр. есірткі тәркіледі. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары ер адам жұмыс істеген кеңседе бұрын ішінде ұнтақ тәрізді зат болған бос «зип-лок» қалташаларын тапты. Күдіктілерден барлығы 129 гр. «мефедрон» және «α-PvP» психотроптық заттары тәркіленді.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыстың бастамашысы қыз болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер күзетпен қамауға алынды. Есірткіні аса ірі мөлшерде өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деп нақтылады СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.