СҚО полицейлері 10 айдың ішінде былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе артық синтетикалық есірткі тәркіледі

СҚО полицейлері 10 айдың ішінде былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе артық синтетикалық есірткі тәркіледі

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов 10 айдың қорытындысы бойынша жедел кеңес өткізді. Облыстағы кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігі мен есірткі мәселесі талқыланды.

СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Александр Розбах балаларды қараусыз қалдырмау профилактикасы және олардың құқықтарын қорғау, сонымен қатар оқу орындарындағы қауіпсіздікті нығайту шаралары туралы есеп берді. Бүгінгі таңда облыстың 450 мектебі бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Полицияның кезекші бөлімдеріне 252 мектеп қосылған, 335-і «дабыл тетігімен» жабдықталған, 97-сі күзет қызметімен қамтамасыз етілген.

Айдын Қабдұлдинов балалар қауіпсіздігі мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрғанын атап өте отыра, оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Ювеналдық полицейлерге қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне талдау жасауға, жұмыстың креативті, эмоционалды жағына басымдылық беруге тапсырма берді.

СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров ағымдағы жылғы 10 айдың ішінде 212 есірткі құқық бұзушылығы анықталғанын хабарлады. Оның 6 фактісі – аса ірі көлемде есірткі сақтау, 114 фактісі – өткізу, сондай-ақ бір есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 755 кг-дан астам түрлі есірткі заттары алынды. Синтетикалық есірткі заттарын сатуды жоюға ерекше назар аударылады. Биылғы жылы 6 кг 709 гр синтетикалық есірткі алынды, өткен жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 2 кг. 313 грамды құрады.

Полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов қарамағындағы жеке құрамды жылдың соңына дейін есептегі тұлғалармен жұмысты күшейтуге, барлық мүдделі органдармен өзара тығыз іс-қимыл жасауға, сондай-ақ заңдылық пен қызметтік тәртіпті қатаң сақтауға бағдарлады.