
Учаскелік инспекторлар, патрульдік және ювеналдық полицейлер –жергілікті полиция қызметіне біріктірілген бөліністердің қызметкерлері. Күнделікті қызмет барысында олар халықпен тығыз қарым-қатынас жасайды, халықтың құқық бұзушылықтар туралы шақыртуларына барып шаралар қабылдайды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
СҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы «Өз кәсібінің үздігі» байқауын өткізді. Оған 27 қызметкер қатысты. Олар дене шынықтыру және атыс даярлығынан, жауынгерлік күрес әдістерін меңгеруден сынақтар тапсырды, заңнаманы білуден компьютерлік тестілеуден өтті.
Байқау нәтижесінде тәжірибелі қызметкерлер жеңіске жетті. Учаскелік инспекторлар арасында қатысушылардың үлкені — Мамлют аудандық полиция бөлімінің 45 жастағы қызметкері Александр Рогачев жеңімпаз атанды. Ювеналдық полицейлер арасында Қызылжар ауданының полиция бөлімінен келген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға инспектор Жамбыл Кәкжанов жеңіске жетті.
Патрульдік полицейлер арасында облыстық ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы 33 жастағы Антон Сұлтангелдинов көш бастады. Ол ішкі істер органдарында он бірінші жыл жұмыс істеп келеді. «Біз күн сайын республикалық маңыздағы автожолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, құқық бұзушылықтарды анықтаймыз, адамдарға көмек көрсетеміз. Жол үстінде әр түрлі жағдайлар болады, бәріне дайын болуымыз керек», - дейді ол.
Енді жүлдегерлер өңір намысын республикалық деңгейде қорғамақ. Жергілікті полиция қызметі бөліністеріне жетекшілік ететін СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов жеңімпаздарды марапаттап, ҚР Ішкі істер министрлігінде өтетін аталған байқаудың соңғы кезеңіне сәттілік тіледі.