Солтүстік Қазақстанның патрульдік полицейлері бірнеше алғысқа ие болды. Автосақтандырумен айналысатын «Лукас» ЖШС-і СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың атына Мамлют ауданындағы «Жаңажол» шекара пунктінің алдындағы жол бөлігінде тәртіпті реттеген патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің табандылығы үшін алғыс хат жолдаған. Жекелеген кәсіпкерлер вагондардағы жұмыстарын дәл жол жиегінде жүргізген, автомобилистер олардың жанына тоқтап, қозғалысқа кедергі келтіріп келген. Полицейлер олардың әрқайсысына түсіндіріп шыққан, осы профилактикалық жұмыстың арқасында қызмет көрсету орындары жолдан қауіпсіз жерге жылжытылды. «Табандылық пен кәсіби іс-әрекеттің арқасында олар кәсіпкерлерді жол ережелерінің талаптарына сәйкес қызметті жүзеге асыруға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жазатайым оқиғалардың туындау қаупін азайтуға сендіре алды», - делінген полиция ведомствосы басшысының атына жазылған хатта.
Әлеуметтік желілер арқылы да адамдар алғыс жазып жатады. 7 тамыз күні патрульдік инспекторлар Антон Жежеря мен Жаслан Нұғұманов Петропавл-Жезқазған жолында тіркемесінің дөңгелегі ұшып кеткен «Largus» жүк көлігін көреді. Жүк тасығыш көлік ауыл дүкеніне тауар әкетіп бара жатқан. Тәртіп сақшылары тіркемедегі жүкті түсіріп, дөңгелекті орнына салуға көмектеседі. Дүкеннің иесі ВКонтакте желісінде – «Көрсеткен көмектеріңізге және ықыластарыңызға рахмет», - деп жазыпты. Instagram-да Қызылжар ауданының тұрғыны патрульдік инспекторлар Мейрам Ибраев пен Манат Смағұловқа алғысын білдірген, Петропавлдан келе жатып істен шыққан әкесінің автокөлігін олар Полудиноға дейін сүйреп апарған: «Өкінішке орай, әкем қызметкерлердің аты-жөнін сұрамаған. Мен әкемнің атынан шын жүректен ризашылығымды білдіремін және оларға зор денсаулық және жұмыстарында сәттілік тілеймін!», - деп жазыпты.
Белгілі петропавлдық пабликтердің бірінде қалалық патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің атына да алғыс келді. Баласы бар әйел телефонын кездейсоқ таксиде ұмытып кетеді. Ол не істерін білмей аулада тұрған автопатрульге жүгінген. Полицейлер мән-жайды бірден түсініп, таксиді қуып-жетіп, телефонды қайтарып берген. «Жігіттер, мен сіздердің аты-жөндеріңізді сұрауды ұмытып кетіппін, сіздерге көптен-көп рахмет айтқым келді! Бағыма қарай сіздер біздің аулада болып көмектестіңіздер!», - деп жазыпты әйел. Оған көмектескен полиция қызметкері - Руслан Қыдырмин. Ол бұған дейін де бірнеше рет солтүстікқазақстандықтарды құтқарып, жолда қиындыққа тап болған адамдарға қамқорлық көрсетіп, қол ұшын созған.
«Департамент басшылығы мұндай оқиғалар туралы тек әлеуметтік желілерден біледі», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев. – Қызметкерлер үшін бұл күнделікті жұмыс барысындағы, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі сәттері. Алайда, осындай алғыс алу, мұндай постарды оқу полицейлер үшін моральдық жағынан үлкен ынталандыру болып табылады».
СҚО ПД баспасөз қызметі
