
Сот үкімі 40 жастағы солтүстікқазақстандыққа шығарылды. Ол үш жыл бұрын Астана қаласында көлікті мас күйде тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылды. Енді биылғы күзде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Воскресеновка ауылының маңында «Москвичті» орташа деңгейдегі алкогольдік мас күйде жүргізіп келе жатқан жерінде полицейлер оны тағы тоқтатты.
Көлікті мас күйде қайталап жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Сот шешімімен ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Прокуратурамен, сотпен және полицейлермен келісе отырып, сот отырысына жүргізуші куәліктерінен айырылған 15 мамлюттік шақырылды.
«Бұл профилактикалық шараның әсері болады деген сенімдеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес заңның кез келген бұзушылықтарына мүлдем жол берілмейді. Алайда, кей адамдар түрлі сылтаулар айтып көлік тізгініне мас күйде қайта отырады. Бұл жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін қауіпті. Сондықтан осындай заң бұзушылық үшін жаза қатаңдатылып отыр», - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Иса Мұстафин.