СҚО полицейлері күзгі демалыс қарсаңында бастауыш сынып оқушыларымен жүздесті

СҚО полицейлері күзгі демалыс қарсаңында бастауыш сынып оқушыларымен жүздесті

Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен "Бағдаршамның сыры" спектаклінің тұсаукесеріне бастауыш сыныптардың 300-ге жуық оқушысы жиналды. Қойылымда актерлар жол қозғалысы ережелерін қызықты етіп көрсетті.

Театр басшылығымен келісе отырып, қойылым басталар алдында жас көрермендердің алдына ювеналдық полиция мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері шығып, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұрудың ережелері туралы айтып берді.

Полицейлер солтүстік өңірге тән ауа райының ерекшеліктеріне де тоқталды. Түнгі және күндізгі температураның әркелкі болуынан жолдың үсті көктайғаққа айналады. Ол балалар үшін қауіпті. Кей жүргізушілер қысқы дөңгелектерге ауысып үлгермеген. Көшеден өтер кезде барлық көліктердің тоқтап, жаяу жүргіншілерге жол беріп жатқанына көз жеткізу қажет.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары балалар мен жастарға жолдан өтер кезде телефондар мен құлаққаптарды пайдаланбауға, көруді шектейтін киімдерді кимеуге кеңес береді. Мұның бәрі жол-көлік оқиғасының қаупін арттырады.

Сондай-ақ полицейлер далада түнгі уақытта жүруге болмайтынын, бейтаныс адамдардың қандай да болсын өтініштеріне келіспеуді, әсіресе бөгде адамдардың көліктеріне отыруға болмайтынын еске салды. Күзгі мектеп демалысы қарсаңында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті.