
Алғашқы жауған қар Солтүстік Қазақстандағы жол қозғалысының қатысушылары үшін үлкен алаңдаушылық туғызды. "Астана — Петропавл" тас жолының 415 шақырымында, Аққайың ауданы Рублевка ауылының маңында "Hyundai Sonata" жүргізушісі көктайғақта автокөлігін басқара алмай, жол жиегіне түсіп кетті.
Қуанышқа орай, жүргізуші де, оның жұбайы да зардап шеккен жоқ. Ер адам "102" арнасына жүгінді. Шақыруға учаскелік полиция инспекторы Әсет Ризыханов келді, ол "Зенченко" ЖШС-нен тракторды көмек ретінде сұрады. Қысқа мерзімде автокөлік жолға қайтарылды.
Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған автокөлік жүргізушісіне СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Валихан Оразалин мен оның орынбасары Рүстем Испердинов көмек көрсетті.
"Осындай оқиға Подгорное ауылының маңында, жолдың 941 шақырымында орын алды, ППБ қызметкерлері бұл жерде де көмек көрсетті", — дейді полиция майоры Оразалин. - Жүргізушілерден Солтүстік Қазақстанның күрделі ауа райы жағдайларында сақ болуды сұраймыз. Қазіргі уақытта Петропавл маңында және Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл аудандары мен Мағжан Жұмабаев ауданының аумағында жауын-шашын байқалады, кей жерлерде көктайғақ пайда болуы ықтимал".
Полиция қызметкерлері мүмкіндігінше ауа райының қолайсыздығында жазғы доңғалақтармен жүруден бас тартуға, жолдарда сақ болуға, жылдамдықты төмендетуге және көліктер арасындағы қашықтықты арттыруға кеңес береді.