
Полицейлер көлік құралдарының жүргізушілеріне Солтүстік Қазақстан облысындағы климаттың ерекшеліктеріне байланысты ауа райын мұқият бақылап отыруды және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуды ескертеді.
Қысқы дөңгелектерге ауысуды уақтылы жоспарлаған жөн. Көктайғақ кезінде апаттың қаупін азайту үшін аса маңызды екі кеңесті ұстанған абзал: қозғалыс жылдамдығын азайту және алда кетіп бара жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты ұлғайту. Бұл жол-көлік оқиғасы туындауы мүмкін жағдайда шұғыл шешім қабылдау үшін уақытты ұтуға көмектеседі.
«Жолда жаяу жүргіншілерден де аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда болған уақытта көлік құралдарының тоқтауы қиындайды. Жаяу жүргіншілер өткеліне шыққан кезде жүргізушілердің жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Ересектер балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін қосымша түсіндіруі қажет», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин.
Соңғы 12 сағат ішінде СҚО-да адамдар зардап шеккен жол-көлік оқиғалары тіркелмеді.