
Полицейлер 4 күн бойы Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл іс-шараға республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, елді мекендерде 140-тан астам автопатруль жұмылдырылды.
Полицейлер Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда ауыл арасындағы жол бойында шлемсіз мотоциклшіні тоқтатты. Құжаттарын тексеру барысында 41 жастағы ер адамның жүргізуші куәлігі болмай шықты. Одан ішімдіктің иісі шыққандықтан ол медициналық куәландыруға жіберіліп, күдік расталды. Мұндай жағдайдағы көлі басқару қайғылы аяқталуы мүмкін болғандықтан құқықбұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жалпы 4 күн ішінде облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарудың 18 фактісі анықталды. Тәртіп сақшылары көлікті мас күйінде басқаруға жол берілмейтінін еске салады. Қаңтар айынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 15 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 21 адам зардап шекті.
Солтүстік Қазақстан облысында барлығы жол жүрісі қағидаларының 1166 түрлі бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде жиі жасалатын қауіпсіздік белдігін қолданбаудың 206 жағдайы, рульде телефон арқылы сөйлесудің 90 фактісі.