СҚО полиция департаментінде 7 анықтаушы марапатталды

СҚО полиция департаментінде 7 анықтаушы марапатталды

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының полиция бөлімшелерінде 43 анықтаушы қызмет атқарады. Анықтау қызметі ұрлықтан бастап жол-көлік оқиғаларына дейінгі ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды тергеумен айналысады. Жыл сайын солтүстікқазақстандық анықтаушылардың қолынан 4 мыңнан астам қылмыстық іс өтеді, бұл – тіркелген қылмыстардың жалпы санының 50%-ға жуығы.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде өткен салтанатты жиналыста анықтау бөлімшелерінің 8 айдағы жұмысының қорытындысы шығарылды. Петропавл қаласы полиция басқармасы екінші полиция бөлімінің анықтаушысы полиция аға лейтенанты Меруерт Әміржанова «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ақжар ауданының аға анықтаушысы полиция майоры Ербол Хамит «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, ал Тайынша ауданы полиция бөлімінің аға анықтаушысы полиция капитаны Мәлік Махмеджанов Ішкі Істер министрлігінің грамотасымен марапатталды.

Бұдан бөлек, төрт анықтау қызметкері СҚО ПД грамоталарымен марапатталды. Естелік сыйлықтар аталмыш қызметтің ардагерлері Нұржан Омаров пен Вера Антонниковаға табыс етілді.

«Анықтау – жетекші қызметтердің бірі және еліміздің ішкі істер органдары жүйесінде лайықты орын алады, - деп атап өтті СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов. – Анықтау ардагерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін. Сіздердің баға жетпес тәжірибелеріңіз әрдайым қажет және жас ұрпақты тәрбиелеуде көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын».