
Көктемгі су тасқынымен күрес кезінде ерлігімен көзге түскен, адамдарға көмек көрсету кезінде ерекшеленген солтүстікқазақстандық полицияның бірқатар қызметкері «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің атынан медальдармен марапатталды.
Тәртіп сақшыларын Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Евгений Кинцель мен «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалы аппаратының жетекшісі Руслан Ибрагимов марапаттады.
Алапаты су тасқыны кезінде жүздеген полиция қызметкері құтқарушылармен және басқа шұғыл қызметтермен бірге иық тіресе жұмыс істеді. Оқыс оқиғаларды болдырмас үшін және қалдырылған мүліктер қолды болмас үшін су басқан аудандардан адамдарды эвакуациялап, тәуліктеп кезекшілікте болды.
Полицейлердің еңбегі елеусіз қалмады. «Ақ жол» партиясының өкілдері 12 полицейді «Апатпен күрескені үшін» медалімен марапаттады. Олар – учаскелік полиция инспекторлары мен басқа қызметтердің қызметкерлері. Марапатталғандардың қатарында Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Жақсылық Байбосынов та бар. Ол қарамағындағы қызметкерлермен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде тәуліктік кезекшілікте болды.
СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов тәртіп сақшыларына берілген баға үшін партияның өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ ведомство бастығы жеке құрамның қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі ерлік әрекеттері, жанқиярлығы ешқашан елеусіз қалмайтынын атап өтті.