
Тамыз айының басында Петропавл қаласының полиция басқармасына интернет-алаяқтық туралы өтінішпен 22 жастағы жігіт пен қыз жүгінді. Олардың ешқандай несиелері болмаған. Алайда, ломбардқа мерзімі өткен төлем туралы sms-хабарламалар алған.
Бір ай бұрын паркте оларға бейтаныс жас жігіт келіп, телефондарын белгілі бір дерекқор арқылы тексеруді ұсынған. Оның көмегімен гаджеттің түпнұсқалық болып табылатынын, ұрланған болып есептелмейтінін анықтауға болады деп түсіндірген. Жәбірленушілер өздерінің телефондары мен жеке куәліктерін суретке түсіруге, сондай-ақ IMEI-кодтарын жазып алуға мүмкіндік берген. Бәрін жазып алған бейтаныс телефонның «базада тіркелмегенін» айтқан. Кейіннен жәбірленушілер олардың құрылғылары онлайн-режимде қарыз беретін ломбардтың кепілі болғанын білген. Келтірілген залал әр жағдайда 35 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Петропавл қаласының «Cyberpol» тобының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 18 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Ол тамыздың 13 күні Жұмабаев көшесі бойында ұсталды.
"Аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, - дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Иван Терзиди. - Өзіміздің құпия деректеріңізді ешкімге бермеуіңізді сұраймыз, бұл "интернет-тазалығы" мен сандық қауіпсіздіктің негізі болып табылады".
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 453 интернет-алаяқтық тіркелген, оның ішінде 75-і микроқаржы ұйымдарынан өзгенің атына несиелерді ресімдеумен байланысты.