СҚО-да полицейлер қылмыс орнында браконьерді анықтады

СҚО-да полицейлер қылмыс орнында браконьерді анықтады

М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне ормандағы оқ атулар туралы телефон арқылы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу келген учаскелік инспекторлар Гаврино ауылының маңындағы орман алқабынан иесіз қалған нөмірлері жоқ «Урал» мотоциклін және браконьер бөлшектеп үлгермей, ағашқа ілінген елікті тауып алады. Мотоциклдің жук салғышында 12 калибрлі 10 патроны бар оқ-дәрілер жатқан. Қаскүнемнің өзі қызметтік автокөлікті көріп қашып кеткен.

"Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды, - деп хабарлайды полиция бөлімі бастығының м.а. полиция подполковнигі Жанат Рахметов. - Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 40 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны күдікті анықталды. Одан тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды".

Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулаудың 6 фактісі тіркелген.