
Бұзушылықтардың басым бөлігі Петропавлда анықталды. Шектеу шараларының күшейтілуіне қарамастан, облыс орталығында облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес шілденің 24-нен 26-сы аралығында қызметін тоқтатуға міндетті бірқатар объектілер жұмыс істеп жатқан. Азық-түлік емес тауарлардың саудасын тоқтатпаған дүкен иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша материал жиналды. Сондай-ақ, осындай өнімдерді сататын тағы екі қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Шектеу шаралары күшейтілген күндері жұмысын тоқтатпаған екі дәмхана иесіне де айыппұл көзделген. Киім сататын тағы бір дүкен иесіне қатысты материал жиналды.
Полицейлер шектеу шараларын елемейтін қала тұрғындары тарапынан карантин бұзушылықтарының жолын кесу бойынша жұмысты да күшейтті. Бұзушылар арасында- үйде оқшауланып отыруы тиіс індет жұқтырған қала тұрғындары. Тұрғылықты жері бойынша тексеру кезінде олар үйлерінде болмай шыққан. Сондай-ақ, аса қажетсіз жүру, отбасылық іс-шараларды өткізу фактілері анықталды. "Әкімшілік жаза карантиндік іс-шараларды өрескел бұзғандарға қатысты қолданылады. Алайда, әрбір адам әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі тиіс. Әкімшілік ықпал ету шараларымен қатар біз адамдарды вирустың таралуына жол бермейтін нормаларды қатаң ұстануға шақыра отырып, ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізудеміз",- деп атап өтті СҚО Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Еңбек Сембин.
Жиналған материалдар СҚО бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.
СҚО ПД баспасөз қызметі