
Ювеналдық полиция қызметкерлері бұған дейін кәмелетке балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған отбасыларға барып қайтты. Тәртіп сақшыларымен бірге аталмыш рейдке облыстық мәслихат депутаттары, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл және қалалық әкімдіктің білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық секторының өкілі қатысты.
Ведомствоаралық рейдтік топ Жұмысшы кентінің Урожайная және Урожайная қысқа көшелеріндегі бірқатар мекенжайларды тексерді. Тексерілген жеке үйлердің әрқайсысында кішкентай балаларды тәрбиелеп отырған 40 жастан аспаған ата-аналар тұрады. Бұл үйлердің тұрмыстық жағдайлары тексеріліп, балалардың қатысуымен және оларға қатысты жасалуы мүмкін қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау туралы алдын алу сипатындағы әңгімелер жүргізілді. Осындай рейдтер үнемі өткізіліп тұрады.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы 15 шілдеден бастап өңірде «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатқанын ескертеді. Негізгі мақсат – балалардың қараусыз жүруін ескерту. Жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде облыс орталығында және облыс аудандарында кәмелетке толмағандар арасындағы бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша тәулік бойғы рейдтер жандандырылды. Операцияның алғашқы тәулігінде облыс бойынша түрлі 48 құқық бұзушылық анықталды, оның 38-і – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жүруі.
Жыл басынан өңірдің ювеналдық полицейлері 1540-тан астам рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде кәмелетке толмаған балалардың түнде үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында болғаны үшін 1593 заңды өкіл жауапкершілік арқалады. 591 ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы 17 шілдеде аяқталады, алайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі полицияның күшейтілген жұмысы жазғы мектеп демалысы аяқталғанға дейін жалғасады.