
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде тәлімгерлер кеңесінің есептік кездесуі өтті. Кездесуге ведомство басшылығы, ардагерлер кеңесі және жас қызметкерлер қатысты.
Тәлімгерлер кеңесі институты өткен жылдың қараша айында ішкі істер министрінің тапсырмасымен құрылды. СҚО-да бұл орган полиция жүйесінде мол тәжірибесі бар ішкі істер органдарының ең беделді және құрметті ардагерлерінен құралды.
Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов тәлімгерлер кеңесінің көп қырлы жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ведомство басшысы ақсақалдарға жастарға тәжірибесін бергені үшін, солтүстікқазақстандық полицияның кәсіби мамандарын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға белсенді қатысып жүргені үшін алғысын білдірді. Бұл әсіресе осы кезеңде өзекті болып табылады. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша 2024 жыл кадрлық әлеуетті арттыру жылы болып жарияланды.
СҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин бос лауазымдарды жасақтау жөніндегі жұмыс туралы және полиция қатарындағы тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі туралы баяндады.
Есептік кездесуде бірқатар ардагерлер департаменттің алғыс хаттарымен марапатталып, жеке құрамның қошеметіне бөленді.
ІІМ құрметті қызметкері Хайдар Кәшенов төрағасы болып табылатын тәлімгерлер кеңесінің мүшелері жоспарларымен бөлісті; атап айтқанда, ардагерлер ауылдық жерлерде қызметтік-іздестіру иттері мен кинологтарды, сондай-ақ жылдам қимылдайтын арнайы жасақты тарта отырып, кеңейтілген форматта кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуді, ведомстволық музей экспозицияларының жылжымалы көрмелерін белсенді қолдануды ұсынды.