СҚО полицейі кикбоксингтен әлем кубогында қола жүлдені иеленді

СҚО полицейі кикбоксингтен әлем кубогында қола жүлдені иеленді

СҚО полиция департаментінің қызметкері Нұрсұлтан Жақыпов 13-16 маусым аралығында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогында үшінші орынды иеленді.

Жарысқа 50 елден 750-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының қоржынына медальдардың бірін осы спорт түрінен түрлі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Жақыпов әкелді.

Ол 86 кг. салмақ дәрежесінде өнер көрсетті, Словения мен Түркиядан келген спортшыларды жеңді.

19 маусымда таңертең кикбоксшы-полицей туған қаласына оралды. Оны СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов қабылдап, жаңа жетістігімен құттықтады. Облыстық полиция ведомствосының басшысы спорттық жеңістер полицияның имиджін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, қызметкерлерді салауатты өмір салтына ынталандыратынын атап өтті.