
Соңғы кезде петропавлдықтардың электрсамокатпен жүруі жиіледі. Өкінішке орай, самокаттарды пайдаланудың жайын барлығы бірдей біле бермейді. Петропавл полицейлері бұл шағын құрылғының мопедтермен теңестірілетінін, сол себепті оны 16 жастан бастап пайдалануға болатынын естеріңізге салады.
Электрсамокат иелері жолаушы мен 50 см аспайтын жүк тасымалдамуы және рөлден сыңар қолмен ұстанып жүрмеуі тиіс. Жаяу жүргінші жолағынан өтерде тоқтап, электросамокаттан түсіп, жолақтан жаяу өтуі тиіс. Электрсамокат иелері жолдың көлік жүретін бөлігінің шеткі оң жолағында бір қатарда немесе жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеген жағдайда шетпен жүруге міндетті. Бағытындағы жолдың жолағы жалғыз болған жағдайда олардың әрі-бері бұрылуына тыйым салынады.
«Бұл маңызды аспект жол қозғалысы қатысушыларының назарынан тыс қалып жатады, — дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. — Бұрылып жатқан жүргізуші жолда кенеттен пайда болған, жоғары жылдамдықпен келе жатқан, жол қозғалысы қатысушысын байқап, дер кезінде тоқтай алмай қалуы мүмкін, осыны ескерген жөн. Аталған талап мүлтіксіз орындалуы тиіс, елемеген жағдайда қайғылы оқиғаның орын алуы әбден мүмкін».
Шілде айының басында қиылыстан самокатпен өтіп бара жатқан жетінші сынып оқушысы «Toyota LC-200» автомашинасының астына түсті. Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 600-бабы «Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу» бойынша хаттама толтырылды.
Полицейлер барлық жол қозғалысы қатысушыларына жол жүрісі қағидаларын қатаң ұстану қажеттілігі туралы ескертеді. Бірер секундтарды үнемдеп, тәуекелге бел байламаған жөн. Жыл басынан СҚО-да жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары, яғни самокат, велосипед, скутер, мопед иелері облыс жолдарында 2718 құқық бұзушылыққа жол берді. Тек облыс орталығының жолдарында 6 айдың ішінде жаяу жүргіншілердің кесірінен 6 жол-көлік оқиғасы болған, барлық жағдайда жаяу жүргіншілер жарақат алған.
СҚО ПД баспасөз қызметі