
Жазғы демалыс қарсаңында солтүстікқазақстандық полицейлер мектептердегі сынып сағаттарына қатысып, оқушыларға жолдардағы қауіпсіз жүріп-тұру туралы айтуды қолға алды. Сақшылар жоғары сынып оқушыларына велосипедтер мен электрсамокаттарды пайдалану ережелерін, ал бастауыш сынып оқушыларына жолдан дұрыс өту қағидаларын айтып жатыр.
Полиция аға лейтенанты Жангелді Қоржыбаев осындай түсіндіру жұмыстарына тұрақты қатысушылардың бірі. Бұл жолы ол Петропавлдағы № 23 мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесті. Оған ювеналдық полиция қызметкері мен жас қозғалыс инспекторлары көмектесті. Жол қозалысының жас инспекторлары жол жүрісі қағидаларын ойын түрінде жеткізді. Сынып сағаттары олардың қатысуымен қызықты өтеді.
Тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаяу жүргіншілер қозғалысты реттеуші инспектор көше қиылысына шыққанда жолдан қалай өтерін білмей қалады. Жангелді Қоржыбаев балаларға реттеушінің белгілерін үйретті, жолға жақын жерде ойнауға және аулаларда қаңтарылып тұрған көліктердің тасасынан жүгіріп шығуға болмайтынын айтты.
"20-30 мамыр аралығында облыста "Назар аударыңыз, балалар! Республикалық акциясы өтуде",- деп атап өтті СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының м.а. полиция подполковнигі Александр Розбах. - Полиция нарядтарының бағыттары оқу орындарына барынша жақын орналасқан. Қызметкерлер балалардың жол-көлік жарақатын азайту үшін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 25 ЖКО тіркелді, бір бала қайтыс болды, 28-і жарақат алды. Зардап шеккендердің көпшілігі жолаушылар болды, сонымен бірге 6 апат балалардың немқұрайлылығынан орын алды. Ата-аналардан балаларға қозғалыс ережелері туралы айтып, бұзушылықтарға жол бермеуін сұраймыз. Естеріңізде болсын: балалар сізге қарап, сіздің мінез-құлқыңызды, соның ішінде жолдағы әрекеттеріңізді жиі қайталайды".