СҚО полицейлері жыл басынан көлік айдап әкетудің 11 дерегін ашты

СҚО полицейлері жыл басынан көлік айдап әкетудің 11 дерегін ашты

Автокөлік құралдарын ұрлау және оларды құқыққа сыйымсыз иелену фактілерінің алдын алу мақсатында 20-23 мамыр аралығында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Автомобиль» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Гараж кооперативтерінде, көлік жөндейтін жеке шеберханаларда, көлік жөндеу станцияларында, көлік тұрақтарында, көлік базарларында және көлік дүкендерінде криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері ұрланған автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар ұрланған көліктер сатылуы және қосалқы бөлшектерге бөлінуі мүмкін орындарды, көлік құралдарының агрегаттық мәліметтерін өзгерту деректерін анықтауға бағытталған. Сондай-ақ көлікті айдап әкету туралы қоңырауларға ден қою бойынша оқу-жаттығу іс-шаралары ұйымдастырылды.

«Жыл басынан облыста бір автокөлік ұрлығы және көлікті құқыққа сыйымсыз иемденудің 11 фактісі тіркелді, - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Иван Терзиди. – Қазіргі уақытта олардың барлығы ашылды. Көлікті айдап әкетуге түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мәселен, жүргізушілердің бірі дүкеннің жанында автокөлігін оталып тұрған қалпында құлыптамай қалдырып кеткен. Бұдан бөлек, автодабылмен жабдықталмаған, жарық түспейтін учаскелерде, бейнебақылау жүйесі жоқ аумақтарда қаңтарылып тұрған тұрған көліктер де қылмыс объектісіне айналуы мүмкін. Автокөліктердің иелерінен өз мүліктеріне жауапкершілікпен қарауын сұраймыз».