Жыл басынан СҚО-да жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жол қозғалысы ережелерінің 2 мыңнан астам бұзушылығына жол берген

Жыл басынан СҚО-да жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жол қозғалысы ережелерінің 2 мыңнан астам бұзушылығына жол берген

Петропавлдың танымал пабликтерінде жолдағы автокөліктердің біріндегі тіркеуішке түсірілген апаттық жағдай туралы видео тарады. Видеода қиылыстан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісінің жолда келе жатып жаяу жүргіншілер жолағына бұрылып жатқан велосипедшімен соқтығысуды болдырмағаны анық көрінген. Бұл бағытта бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған, велосипедші бұрылмай тұрып жан-жағына қарап алуды ескермеген. Абырой болғанда қайғылы жағдай жүргізушінің қиылысқа жақындай келе алдын ала жылдамдық азайтып, қырағылық танытқанының арқасында болмады. Видеоға ондаған комментарий жазылды. Көптеген желі қолданушылары кейбір велосипедшілердің басты проблемасын атап өткен: жаяу жүргіншілер жолағымен қозғалысты жүзеге асырған кезде велосипедшілер велосипедтен түсіп, жаяу кесіп өту қажеттігі жөнінде білмейді.

«Сондай-ақ, жолда велосипедшілер тек оң жақпен жүруі тиіс, егер жол аталған бағытта бірнеше қозғалыс жолағынан тұратын болса, велосипедшілерге солға немесе кері бұрылуға тыйым салынған, - деп түсіндірді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. - Бұл ереже кей-кезде оң жақ қозғалыс жолағымен жүруді ескермей жататын скутер мен мопед иелеріне де қатысты».

Велосипедшінің жолда кенеттен пайда болуы, әсіресе, жол дұрыс көрінбей тұрғанда, барлық жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіреді. Бұл көліктің бірден тоқтай алмайтынын ескермейтін, бағдаршам белгілерін елемей, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге де қатысты. Акциялар және профилактикалық рейдтер кезінде полицейлер жаяу жүргіншілерге және екі доңғалақты көлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін түсіндіреді. Өзара сыйластық пен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау ғана жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Жалпы жыл басынан облыста ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша 2225 хаттама толтырылды.