Петропавл полицейлері көлік басқару құқығынан айырыла тұра таныстарын тасымалдаған мас жүргізушіні анықтады

Петропавл полицейлері көлік басқару құқығынан айырыла тұра таныстарын тасымалдаған мас жүргізушіні анықтады

Өткен жексенбі, облыста демалыс күндеріне енгізілген карантиндік шектеулер кезінде Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция экипажының назарына Ахременко көшесі бойымен келе жатқан «ВАЗ-21053» көлігі ілікті. Автомашина ішінде бес адам отырған, олардың барлығы маскасыз болған. Полицейлер санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізу үшін машинаны тоқтатады. Тексеріс кезінде 29 жасар жүргізушінің үш жыл бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы анықталды. Айыру құқығының мерзімі биылғы жылдың тамызында аяқталуы тиіс болатын. Оның үстіне, медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екендігін көрсетті.

Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы – 5 жылға дейін бас бостандығынан не басқару құқығынан өмір бойына айыруды көздейді. Автомобиль алынып, айып тұрағына қойылды.

«Автокөлік басқару құқығынан айырыла тұра, рөлге отыратын автожүргізушілерге биылғы жылдан қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылғанын ескертеміз, - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. – Мас жүргізуші жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіреді. Полиция қызметкерлері масаң күйде көлік жүргізу фактілеріне жол бермеу үшін барлық шараларды қолданады».

СҚО-да жыл басынан ҚР ҚК 346-бабы бойынша 39 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.