
1 шілдеден бастап солтүстікқазақстандықтар жауапкершіліктен қорықпай, заңсыз сақтауындағы қарулар мен оқ-дәрілерін тапсырып, сыйақы алуына болады. Қауіпті індет белең алып тұрғандықтан, акция онлайн форматта өтеді. Полиция бөлімдеріне барудың қажеті жоқ, қару тапсыруға ниетті солтүстікқазақстандықтар барлық сұрақтарына 8 (7152) 49-37-49 және 8 (7152) 39-48-66 (азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі облыстық, қалалық бөліністер) бойынша, аудандық полиция бөліністерінде немесе 102 арнасы арқылы жауап алуларына болады. Полиция қызметкері тек тұрғылықты мекенжай бойынша келіп, өтініш пен тапсырғалы отырған қаруды алып кетеді.
«Тіркелмеген қару қылмыс элементтеріне қызығушылық тудырады, -дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. – Акцияның мақсаты – қарулардың криминалдық ортаға өтіп кетуіне, қару қолданып қылмыс жасауға жол бермеу. Сондықтан, акция шеңберінде заңсыз сақтағаны үшін қару иелеріне қатысты қылмыстық және әкімшілік қудалау болмайды. Бір ғана шарт: қарудың криминалдық тарихының болмауы. Ол үшін тапсырылған әр қару құқық қорғау органдарының есептері бойынша қажетті тексерістен өтеді».
Сонымен қатар, қару үлгілері үш санаттың бірін анықтайтын сараптамадан өткізіледі. Бірінші санатқа мінсіз жағдайдағы қару жатады. Екінші санат – бұрын қолданған, пайдалануға жарамды қару, ал үшінші санатқа, атуға жарамсыз қару жатады. Сондай-ақ, қарудың бағасы ойық немесе тегіс ұңғылы болуына қарай анықталады. Қару-жарақтарды бағалау қаруды қабылдау күнгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне байланысты жүргізіледі (бүгінгі күнгі АЕК мөлшері 2778 теңгені құрайды).
Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар полицияға 109 бірлік қару өткізді, оның 13-і ойық, 95-і тегіс ұңғылы және 1-і травматикалық қару сондай-ақ 5,6 мм калибрлі 700 оқ-дәрі тапсырды. Қару тапсыруға 90-нан астам адам жүгініп, оларға 6 млн. теңгеден астам өтемақы төленді.