
Петропавлда ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Полиция қызметкері оқушыларға қазіргі таңдағы қауіптер жайлы дәріс оқып, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда көзделетін жауапкершілік туралы айтты.
Сондай-ақ Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Жанат Мұстафина түнгі уақытта көшеде серуендеу, буллингтің алдын алу, мектеппен қоштасу кештері кезіндегі оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі шараларға тоқталды. Бұдан бөлек, жасөспірімдерге жалған терроризм мен ауыр қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертілді.
«Балалардың қауіпсіздігі – біздің мемлекетіміздің саясатының басым бағыттарының бірі, - дейді Жанат Мұстафина. - Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық мемлекеттік органдар тығыз байланыста жұмыс істейді. Негізгі міндет кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларға жүктелген. Ұдайы негізде көңіл көтеру орындарында рейдтік іс-шараларға жүргізіліп тексеріледі; 4 айдың ішінде облыс орталығында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз сағат 23.00-ден кейін үйден тыс жүруінің 235 дерегі тіркелді».
Республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының 10 мамырда басталған бірінші кезеңі шеңберінде мектептер мен колледждердегі осындай кездесулер мен дәрістерді барлық жетекші қызметтердің қызметкерлері өткізіп жатыр.