
Із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру - полиция күштерінің барынша тартылуын талап етеді. Әрбір факті бойынша патрульдерге бағдар беріліп, криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары жоғалғанның таныстарын, жүруі мүмкін жерлерді тексереді.
Адамдар көп жағдайда спирттік ішімдікті асыра ішуден жоғалып жатады. Мәселен, Петропавл полицейлері тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың арасында екі апта бойы алаңсыз жүрген 29 жасар қала тұрғынын анықтады.
«Қызметкерлер ер адамнан жауап алып, өтініш берген анасына хабар жеткізген, - деп хабарлады СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров. - Өкінішке орай, мұндай жағдайлар жиі орын алып тұрады. Көп жағдайда үйлерінен кетуге ащы су түрткі болып, адамдар таныстарының үйлерінен немесе жалдамалы пәтерлерден табылып жатады. Жоғалу себептері белгісіз адамдарды іздеп табу оңайға соқпайды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы полиция күштері із-түзсіз жоғалған екінші топтағы мүгедек жігітті іздестіруге бағдарланды».
1993 жылы туған қала тұрғыны Андрей Викторович Науменко үйінен 21 маусым күні шығып кетіп, оралмаған. Осы күнге дейін оның жүрген жері белгісіз. Үстінде сұр түсті күрте және трико, қою көк түсті кепка, қара кроссовки болған. Ерекше белгілері: бойы 170 см., дене бітімі арық, шашы қысқа сары түсті, көзі көк, оң жақ жағының астында операциядан қалған тыртығы бар. Оның жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет болған жағдайда полицейлер 8 (7152) 39-48-37 телефон нөміріне немесе «102» пультіне хабарласуды сұрайды.
Жыл басынан СҚО-да полицияға із-түзсіз жоғалу туралы 201-ге жуық өтініш келіп түскен, 186 із-түзсіз жоғалғанды полицейлер кезекші тәулікте іздеп тапты, 15 жағдайда іздеуге үш күннен аса уақыт қажет болды.