
20-шы ықшам аудандағы дәмханалардың бірінің маңында бір топ тұлғаның асфальт үстінде жатқан адамды ұрып жатқан бейнежазба петропавлдық әлеуметтік желілерде тарап кетті. Оған қолданушылар түрлі пікірлер жазып, талқылай бастады. Бұл оқиғаға қатысы бар 1986 жылы туған екі қалалық ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 667-бабы «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» бойынша, біреуі – 434-бап «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды. Ұсталған сәтте олар алкогольдік масаң күйде болған. Олар уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылып, материал сотқа жіберілді. Полицейлер жәбірленушінің жеке басын анықтауда.
«Оқиғаның мән-жайын анықтауда бейнежазбаның көмегі тиді», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. - Егер де «102» арнасына ешкім хабарласпағанда, бұл оқиға әлеуметтік желілерде теріс пікірлерге толы жарияланым болып қалар еді. Айта кету қажет, қолданушылардың басым бөлігі өздерінің аккаунтарына көпшіліктің назарын аударту үшін осындай бейнежазбалар жариялап жүргенін барлығымыз байқап келеміз. Әкімшілік және қылмыстық өндіріс адамдардың арыз жазуын, медициналық куәландыруды, басқа да дәлелді фактілер мен жәйттерді талап етеді».
Осыған ұқсас оқиға «Сокол» сауда үйінің маңында да орын алған болатын. 9 маусым күні жарияланған бейнежазба әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталды. Петропавл қ. Полиция басқармасы құрамындағы Бірінші полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Анарбек Байқұтдиновтың айтуынша, полицияға ешқандай арыз түспеген. Тәртіп сақшылары бірнеше күннің ішінде төбелеске қатысушыларды анықтап, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтады. Қазіргі уақытта жәбрленушінің тарапынан талап-арыздың болмауына байланысты қылмыстық өндіріс тоқтатылды. Тек Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша материал жиналды.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына осындай оқиғаларға куә болған жағдайда бейнежазбаға түсірумен шектелмей, «102» арнасына қоңырау шалуға кеңес береді. Полицияға уақтылы хабар беру болған оқиғаның мән-жайын тез арада анықтауға және күдіктілерді сот органдарына табыстауға көмектеседі.
СҚО ПД баспасөз қызметі