
Петропавл қаласының Ойқала ықшам ауданы мен басқа да аудандарында судың деңгейі төмендегенімен, полиция қызметкерлері тәртіпті қадағалауды жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта бұл жерлерде коммуналдық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Олар су басқан көшелерді қоқыстан тазартуда. Тұрғындар баспаналары мен маңайдағы қора-қопсыларын тексеріп жүр. Олардың әрбір қимылын полиция қызметкерлері бақылайды. Бұл маңға келген барлық автокөліктер тексеріледі. Жергілікті тұрғындар су басқан жерлерге тек билік өкілдерімен бірге ғана өте алады. Адамдар мұндай мәжбүрлі шектеу шараларына түсіністікпен қарайды.
«Келген сайын полиция қызметкерлерін көремін. Әр жерде жасақтар жүргендіктен ешқандай ұрлық жасалмады. Олар да бізге түсіне қарайды», - жергілікті тұрғын Надежда Макаренко.
Тәртіп сақшылары патрульдеуді қайықпен де, жаяу да жүргізіп жатыр. Мақсат – ұрлыққа жол бермеу, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полицейлер екі ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Шағын аудандағы тәртіпті қадағалауға Петропавл қ. полиция басқармасы мен СҚО полиция департаментінің 145 қызметкері жұмылдырылған. Полицейлермен бірге құтқарушылар мен әскери қызметшілер де иық тіресе тынбай қызмет атқарып жүр.