
Петропавлдағы Ойқала ауданының су басқан учаскелерін тәртіп сақшылары қоршауға алды. Тұрғындардың басым бөлігі эвакуацияланды, қазіргі уақытта барлық шұғыл қызметтер су басуы мүмкін үйлердің тұрғындарын шығарып жатыр. Жағдай бақылауға алынды, үрейге жол берілмеді. Қауіпті аумақты полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен құралған жасақтар патрульдеуде. Олардың міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, тонаудың алдын алу, қайғылы жағдайлар мен оқыс оқиғаларға жол бермеу.
«Судың келуі азайғанымен, қауіп әлі де бар. Потанин көшесінде Есіл өзеніне жақын маңда судың ағысы қатты, - дейді жағдайды тәулік бойы бақылап жүрген қалалық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Жұмалиев. – Сондай-ақ қаланың шеткі аудандары – Заречный және Былғары зауыты кенттерін су басты».
Есіл өзені арнасынан шыққан сайын су басатын Заречный кентіндегі барлық адамдар шығарылды. Ал Былғары зауыты кентіндегі 1384 адамның 1340-ы шығарылды. Су баспаған учаскелерде тұратын адамдар үйлерінде қалды. Олардың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 14 сәуір күні таңертең тағы 6 адам үйлерінен кетті.
Полицейлер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, құтқарушылар мен әскери қызметшілер бұл аймақтарда қауіпсіздік шараларын тәулік бойы бақылауда.