Әжесінің үйіне синтетикалық есірткі жасырған: СҚО полицейлері есірткі сатты деген күдікпен жасөспірімді ұстады

Әжесінің үйіне синтетикалық есірткі жасырған: СҚО полицейлері есірткі сатты деген күдікпен жасөспірімді ұстады

Петропавлда жедел уәкілдер аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен жасөспірімді ұстады. Ұсталған кезде жігіттен ішінде ұнтақ тәрізді ақ түсті зат салынған және сатуға дайындап қойған 10 түйіншек тәркіленді.

Тұрғылықты мекенжайынан есірткіні буып-түюге арналған материал табылып алынды. Күдікті есірткіні әжесінің үйінде сақтаған. Немересінің әрекетінен бейхабар әжесі үйінен ірі көлемдегі 3 пакет есірткі табылғанда қатты шошыды. Сараптама нәтижесі тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 191 грамды құраған α-PvP синтетикалық есірткісі екенін көрсетті. Бұл – тұтас бір мектепті нашақорлыққа тартуға жетеді.

Қолға түскен кезде күдікті 17 жаста болды. Қамауда отырғанда кәмелеттік жасқа толды.

«Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергелуде, - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров. – Ұсталған жігіт қашықтықтан есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде небәрі 3 айға жақын уақыт жұмыс істеп үлгерген. Тәжірибе көрсеткендей, есірткі таратушылардың жұмыс мерзімі осындай, бұдан кейін олар қамауға алынып, сотталады. Жастардан жеңіл жолмен ақша табу туралы ұсыныстарға сенбеулерін сұраймыз. Аса ірі көлемде есірткі өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске саламыз».

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында есірткі таратқаны үшін кәмелеттік жасқа толмаған 2 жасөспірім сотталды.