СҚО-да екі күнде мотоциклшілер тарапынан 140-тан астам құқық бұзушылық анықталды

СҚО-да екі күнде мотоциклшілер тарапынан 140-тан астам құқық бұзушылық анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде мотоциклдер жүргізушілерімен алдын алу жұмыстарын күшейтті. Өткен жылдардағы деректерге көз жүгіртсек, жол-көлік оқиғаларының ауыр салдары көбінесе мотоцикл жүргізушілері мен олардың жолаушыларының қауіпсіздік ережелерін сақтамауымен байланысты болған. «Мотокөлік құралдарын қауіпсіз басқару және осы санаттағы көлік жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Соңғы жылдары мотоциклдар саны артты. Біздің міндетіміз – оларды жол үстіндегі тәртіпті қатаң сақтауға шақыру», - деп атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Екі күнде СҚО жолдарында мотоциклшілер тарапынан 143 құқық бұзушылық анықталды. Облыстық полиция департаменті құрамындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала сыртындағы жолдар мен елді мекендерде рейдтік іс-шаралар өткізді. Тәртіп сақшыларының айтуларынша, бұзушылықтардың басым бөлігі жүргізуші куәлігінің болмауымен және жолаушыларды тасымалдау талаптарының сақталмауымен, мотошлемдерді кимеумен байланысты. 38 солтүстікқазақстандық мотокөлік құралдарын көлік басқару құқығынсыз жүргізген. Полицейлер тоқтатқан екі мотоцикл жүргізушісі масаң күйде болған. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл бап 15 тәулікке қамаққа алуды және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыруды көздейді. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде СҚО жолдарында барлығы 1800 құқық бұзушылық анықталды.

Полицейлердің мақсаты – жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол үстіндегі кез келген оқиға – патрульдік полиция қызметкерлерінің назарында. Өткен жұма күні кешкісін жол сақшыларының көмегі Обуховка ауылының тұрғынына қажет болған. Көлігінен ақау шыққан соң Евгений Федусик сапарын жалғастыра алмай қалыпты. Патрульдік полиция қызметкерлері Ернар Мұқанов пен Алмаз Қазбикенов оны жақын орналасқан елді мекенге жеткізіп салды. Жүргізуші сақшыларға кәсібилігі мен елгезектігі үшін алғысын білдірді.

СҚО ПД баспасөз қызметі