
Соңғы уақытта есірткі мен алкогольді бойына қабылдап, жолға шығатын жүргізушілердің саны артып келеді. Бұл өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Олар өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді. Осындай жәйттердің бірі «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшыларымен Петропавл қаласынан шығып келе жатқан автокөлікті тексерілген кезде орын алды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының бірнеше рет істі болған тұрғынын ұстады. «BMW» автокөлігінің 43 жасар жүргізушісі көлік салонында 3 жолаушыны әкетіп бара жатқан. Көлікті тексеру кезінде шынтаққойғыштың ішінен 2 полиэтилен пакетке салынған өсімдік тектес зат алынғанда жолаушылар аң-таң болды. Іздестіру жұмысын есірткі іздеуге машықтанған спаниель ит Буч аяқтады. Сараптама алынған заттың жалпы салмағы 220 граммды құрайтын есірткі екенін көрсетті.
Бұдан бөлек, жүргізушіні тексерістен өткізу барысында оның есірткілік масаң күйде екені анықталды. Ол «индрайвер» арқылы екі жолаушыны алмастан бұрын марихуана шеккенін растады.
Оның айтуынша, ол марихуананы 2 жыл бойы қолданып келеді екен.
СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Иван Терзидидің сөзінше, жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсталған адам Петропавл қаласының сотымен 15 тәулікке қамаққа алынып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды. Бұл солтүстікқазақстандық сақшылардың көлікті есірткілік масаң күйде жүргізген жүргізушілерді ұстауының төртінші фактісі.
СҚО ПД баспасөз қызметі