СҚО Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері су тасқынымен күресуде

СҚО Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері су тасқынымен күресуде

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы су басқан алғашқы аудандардың бірі. «Көкшетау – Омбы» автожолын және облыстың тағы бірнеше жолдарын, Мортық ауылындағы бес үйді су басты. Шұғыл қызметтер жедел әрекет етіп, суды сорғымен ағызып шығарды. Полиция қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, арықтарды тазартуға көмектесіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін мүліктің бұзылуына жол берілмеді.

Су басқан ең үлкен аумақ «Көктерек — Тоспа — Жасқайрат — Қайрат» автожолында тіркелді, ұзындығы 32 метрді, тереңдігі 80 см-ды құрады. Облыстық маңыздағы «Кішкенекөл — Золотая нива» жолының кейбір учаскелері бұзылды. Тәртіп сақшылары осындай учаскелерде қозғалысты шектеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр.

Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Әлижановтың айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты, құбырлар арқылы су қалыпты жағдайда ағып жатыр. Полиция бөлімінің жеке құрамы ТЖ қызметкерлерімен, әкімдікпен және басқа да мүдделі қызметтермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.