СҚО тұрғынынан 200 литрге жуық алкоголь өнімі тәркіленді

СҚО тұрғынынан 200 литрге жуық алкоголь өнімі тәркіленді

СҚО Мамлют ауданының полицейлері кәсіпкерлікпен айналысқан аудан орталығының тұрғынынан 200 литрге жуық алкоголь өнімін тәркіледі. Оның үйінен арақ-шарап өнімдері, коньяк, сыра, ақ қайнар табылды. Мұның бәрін ол лицензиясыз сатқаны, одан басқа кез келген уақытта алкоголь сатып алуға болатыны анықталды.

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мамлют ауданының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері үй-үйді аралау барысында рұқсат құжаттарынсыз алкоголь сату фактісін анықтады. Алынған алкоголь өнімі 192 литр, - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы «Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді».

10-14 маусым аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде солтүстікқазақстандық полицейлер заңсыз айналымнан 270 литрден астам алкоголь тәркіледі. Алкоголь өнімдерін сату жөніндегі ҚР заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 16 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды.

СҚО ПД баспасөз қызметі