
Солтүстікқазақстандық полицейлер Аққайың ауданының 55 жастағы тұрғынының үйінен екі қап кептірілген марихуана тәркіледі. Ер адам маскүнем ретінде есепте тұр.
Ас үйдегі газды плитаның артында өсімдік тектес зат салынған 2 қап анықталып, тәркіленді. Оның жалпы салмағы 8 кг. 910 грамды құрады. Ұсталғанның айтуынша, алкогольдің орнына жабайы қарақурайды пайдалану үшін ірі мөлшерде сақтап келген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Есірткіні өткізу фактілері және құрамында есірткі бар заттарды өсіру деректері болған-болмағанын анықтау үшін барлық мән-жайлар тексеріледі, - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров. – Жылдың басынан облысымызда 59 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, заңсыз айналымнан 15 кг-ға жуық түрлі есірткі тәркіленіп алынды».