Мас жүргізуші көлігінің тізгініне ие бола алмай көлге барып аударылды

Мас жүргізуші көлігінің тізгініне ие бола алмай көлге барып аударылды

Автокөлігімен қала шетіндегі көлге аударылған солтүстікқазақстандық жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Өткен дүйсенбі күні Мамлютка қаласы маңындағы көлдің ішінде аударылып жатқан шетелдік маркалы автокөлікті сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер көріп, оны суретке түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жүктеген. Алайда оны ең алғашқы болып Мамлют аудандық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Азамат Дәуітов байқаған. Ол кезекші бөлімге жалғанған бейнекамералардан төңіректі шолып отырғанда Мамлютка қаласына кіреберісте «Nissan Almera Classic» маркалы көліктің жол шетіне шығып кетіп, көлге барып аударылғанын көреді. Анықталғандай, жүргізуші рөлге ие бола алмай аударылып қалған. Полиция старшинасы бұл оқиға туралы әріптестеріне хабарлайды. Олар тез арада аудан орталығының шетіндегі көлге аттанады. Сақшылар жеткенге дейін жүргізуші аударылған көліктен өздігінен шыққан.

«Медициналық куәландырудың нәтижесіне сәйкес 44 жастағы ер адам жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. Көлікті масаң күйде басқарғаны үшін оған қатысты әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша материал жиналды. Сот шешімімен шетелдік көліктің жүргізушісіне 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - деді Мамлют ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.

СҚО ПД баспасөз қызметі

(сурет әлеуметтік желілерден алынды)