
Петропавл қаласындағы К.Сүтішев пен М.Жұмабаев көшелерінің қиылысында «ГАЗель» мен «Lada» автокөліктерінің соқтығысып қалуы бойынша полицейлердің қатысуынсыз қысқа уақыт ішінде шешім қабылдауға болатын еді. Бірақ жүргізушілердің арасында келіспеушілік орын алды. Жол-көлік оқиғасын еш кикілжіңсіз шешу – «Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті шарты болып табылады. Оқиға орнына келген қалалық полиция басқармасының анықтаушысы жол-көлік оқиғасы қатысушыларына 1 қаңтардан бастап заңнамадағы өзгерістер күшіне енгенін түсіндірді. Оған сәйкес, жүргізушілер ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде хаттаманы өздері толтыра алады және декларацияны толтыру арқылы полиция мен соттың қатысуынсыз сақтандыру төлемін жеделдетілген және оңайлатылған түрде ресімдеулеріне болады. Ол үшін «Еурохаттама» мобильдік қосымшасын пайдалану қажет. Оны App Store немесе Google Play жүйелерінен жүктеп алуға болады.
Бұл жол-көлік оқиғасына қатысушылар мен полиция қызметкерлерінің уақытын үнемдейді. Сақтандыру төлемін алу мерзімі де қысқарады. Ұсақ жол-көлік оқиғалары үшін бұдан былай әкімшілік жауапкершілік көзделмейді.
Міндетті шарттар: жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысады; жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет; апаттың мән-жайлары үшін тараптардың арасында келіспеушілік болмаған кезде және бұл декларацияда көрсетілген жағдайда; қатысушылар сақтандыру төлеміне келіссе; келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 369 мың теңгеден аспауы тиіс.
«Қатысушылар жол-көлік оқиғасы туралы құжаттар мен мәліметтерді сақтандыру компаниясының ақпараттық жүйесін не болмаса мәліметтер базасын жинаумен және жүргізумен айналысатын ұйымның ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы декларация толтырып тіркеуі тиіс, - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Александр Розбах. – Барлық шарттардың сақталуы маңызды, егер сақталмаса – қатысушылар полиция қызметкерлерін шақыруға міндетті, жол-көлік оқиғасы белгіленген тәртіппен ресімделеді».