
Петропавл полицейлері «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде құрамында есірткі заттары бар өсімдікті заңсыз өсіру фактісін анықтады. Петропавл қаласының 48 жасар тұрғынының Заречный кентіндегі үйінің ауласынан 400 астам бұта қарасора анықталды. Ер адамның құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді арнайы өсіріп жатқандығын ауладағы жылыжайдың болуы және жылыжайдағы қыш құмыраларда өсіп тұрған бұталар куәландырады. «Үйінің ауласын тексеру нәтижесінде гүл өсіретін қыш құмыраларда қарасора өсіп тұрған жылыжай анықталды. Үй иесінің айтуынша, жылыжайды арнайы қарасора өсіру үшін тұрғызған. Сондай-ақ, алынған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Полицейлер жылыжайдан 80 түп, ауладан тағы 355 түп қауіпті өсімдік тапты. Сонымен қатар, тінту іс-шаралары барысында қалалықтан түрлі калибрдегі жауынгерлік және травматикалық патрондар, аңшы қаруының магазині мен оптикалық көздеуіш табылды.
Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру фактісі жөнінде ҚР ҚК 300-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның айтуынша, ол өсімдікті жеке мақсатта пайдалану үшін егіп-өсіргенін, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алдым деп түсіндірген. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында барлық ақпаратты тексереді. Барлық табылған қарасора түптері жойылды. Алынған есірткі – кептірілмеген марихуананың жалпы салмағы 5 килограмм 90 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сараптамалар, оның ішінде сот-баллистикалық түрі де тағайындалды, оның нәтижелері бойынша оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісі бойынша жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілетін болады.
СҚО ПД баспасөз қызметі