Полицейлер тікелей эфир арқылы Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу ережелерін түсіндірді

Полицейлер тікелей эфир арқылы Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу ережелерін түсіндірді

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Армениядан әкелінген автокөлікті қалай тіркеуге болатындығын әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы айтып берді. 1 маусымнан бастап Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армения Республикасынан әкелінген автокөлік құралдарын тіркеу басталды. Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы үш күнде осындай мүмкіндікті 13 көлік иесі пайдаланып, қазақстандық техникалық паспорт алды. «Үкіметтің 2020 жылғы 20 мамырдағы Қаулысына сәйкес, рөлі сол жақта орналасқан және Арменияда біздің азаматтарымызға тіркелген автокөліктерді Қазақстанда тіркеуге болады. Тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды, оған тіркеу жарналары, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір белгілері үшін мемлекеттік алымдар кіреді», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.

Тікелей эфир барысында желі қолданушылары «көлікті сенімхат немесе сақтандыру полисі бойынша сатып алған адамға не істеу керек?» деген сияқты өзекті мәселелерді көтерді. «Егер Арменияда сатып алынған автокөлік қазіргі уақытта Қазақстанның азаматына тіркелген болса және де ол құқық беретін құжаттарды ресімдемей оны елімізде сатса, онда ол сатқан көлігін тек өзінің атынан рәсімдей алады. Осыдан кейін ғана сақтандыру полисімен көлік құралын пайдалануға болады», - деді СҚО ПД Процессингтік орталығының бастығы полиция майоры Әсет Матен.

Солтүстікқазақстандықтарды осындай көліктерді уақытша тіркеу мерзімі де қызықтырды. Полицейлер пайдалануға шектеу қойылмайтынын, Қазақстанда көлік толығымен тозғанға дейін жүруге болатынын түсіндірді. Жалпы, диалог жүргізгендер толғандырған мәселелерді шешуге мүмкіндік бергенге және онлайн-түсіндіру үшін ризашылықтарын білдіріп, қабылданған нормаларды қолдады. «Біздің мәселемізге құлақ асып, мемлекеттің қолдағаны бізді қатты қуантты», «Осы көліктерді тіркеу мәселесін шешуге бастамашылық жасаған Ішкі істер министрлігіне рахмет. Енді біз еркін жүре аламыз», - деп желі қолданушылары алғыстарын білдірді.

Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Арменияның есебінде тұрған автомашиналарды тіркеуге болатынын естеріңізге саламыз. Полиция департаментінде «қауырт желі» (32-00-19, 32-00-22, 8-776-297-84-32) жұмыс істеуде, көрсетілген телефондар арқылы солтүстікқазақстандықтар көлікті тіркеуге қатысты сұрақтарына жауап ала алады.

СҚО ПД баспасөз қызметі