СҚО-да қызметтік-іздестіру иттері бір жылда 346 қылмысты ашуға көмектесті

СҚО-да қызметтік-іздестіру иттері бір жылда 346 қылмысты ашуға көмектесті

Петропавлдық оқушылар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында болып қайтты. Танымдық экскурсия барысында «Лорд» мектеп-лицейінен келген 5 «А»-сынып оқушылары иісшіл иттердің полициядағы жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының полициясында 50 ит қызмет атқарып жүр. Оларды із кесуге және айдауылдау жүргізуге, есірткі және жарылғыш заттарын іздеуге үйретеді. Инспектор-кинологтар төрт аяқты көмекшілерімен бірге жедел-тергеу топтарының құрамында қылмыс орындарына барып, тергеу әрекеттеріне қатысады. Сондай-ақ балаларға иттердің өнері көрсетілді.

Лабрадор ретривер тұқымды Виола – солтүстікқазақстандық полициядағы жұмысында жақсы нәтижелерімен ерекшеленіп жүрген қызметтік-іздестіру иттерінің бірі. Ол есірткі заттарын іздеуге маманданған. СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Виоланы 2022 жылдың қыркүйегінен бастап дайындай бастады. Орталық қызметкері полицей-кинолог Бахтияр Мизамбаевпен бірге ҚР ІІМ-нің кинологиялық қызмет орталығында дайындықтан өтті. Жарты жыл бұрын тәрті сақшылары оны жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттерінде қолдана бастады. Виоланы қолдану 3 рет сәтті аяқталды. Желтоқсан айында Петропавл қаласындағы көппәтерлі үйлердің бірінің жертөлесін тексеру кезінде 2,5 келіден астам марихуана мен 50 грамнан астам гашишті тауып алуға көмектесті.

«2023 жылы қызметтік иттер қылмыс жасалған орындарда 373 рет қолданылды, - дейді СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Самат Төлебаев. – Қызметтік иттердің көмегімен 346 қылмыс ашылды. Оның ішінде ұрлықтың – 153, денсаулыққа ауырлығы түрлі дәрежедегі зақым келтірудің – 21, тонаудың – 4, көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алудың – 2, адам өлтірудің – 2 фактісі және басқа да қылмыстар бар».

Самат Төлебаевтың айтуынша, қызметтік иттерді есірткімен байланысты қылмыстарды тергеуге қолдану да артқан. 2022 жылы 54 рет, ал өткен жылы 144 рет қолданылған. Иттердің көмегімен 24 есірткі қылмысы ашылды, заңсыз айналымнан 121 кг.-дан астам марихуана, 57 гр. астам гашиш және 2,5 кг-дан астам синтетикалық есірткі алынды.