
Облыстың табиғи ресурстарын браконьерлікпен пайдалануға жол бермеу - табиғат қорғау полициясының алдында осындай міндет тұр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды қорғау басты назарға алынды. «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп 55 мобильді топ құрылып, орман алқаптарына 200-ден астам рейд өткізілді.
Қылқан жапырақты ағаштарды сататын орындар да ерекше назар аударылды. Полицияның мәліметінше, Солтүстік Қазақстанда сатылған барлық жаңа жылдық шыршалар Ресей Федерациясынан, негізінен шекаралас облыстардан әкелінген.
"Жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактісі тіркелген жоқ, - деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Александр Розбах. - Шыршаларды ілеспе құжаттарсыз сату да анықталған жоқ. Тауарды белгіленбеген жерде сатумен айналысқан 24 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Табиғат қорғау заңнамасын сақтау жұмыстары жаңа жылда да жалғасатын болады ".