
31 желтоқсан күні Жаңа жыл түнінде қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін полицияның сыртқы қызметтері, әскери қызметшілер мен жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері Петропавлдағы Тәуелсіздік алаңында сап түзеді. Полицияның кешенді күштерінің қызмет атқару орындарына таратылуын облыстық полиция департаментінің басшылығы өткізді. ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жеке құрамды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қызметкерлерді қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді жауапкершілікпен атқаруға бағдарлады. Бұдан бөлек, ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің құттықтау жедехаты оқылды. Құқық қорғаушыларды қала әкімі Серік Мұхамедиев те құттықтады. Ол халықтың полицияға деген сенімі жоғары екенін атап өтіп, мереке күндері сақшылар мен қала тұрғындары үшін тыныш өтетіндігіне сенім білдірді.
Мерекелік іс-шарада марапат алғандар да болды. 13 жастағы Рахат Қайырболат полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновтың қолынан ІІМ грамотасы мен бағалы сыйлық алды. Ол балалар арасында өткен «Менің полициям» шығармашылық байқауында «Үздік эссе» номинациясында жеңіске жетті. «Сыныппен полиция департаментінің мұражайына барғанымыз есімде. Онда Ғазиз Байтасов туралы білдік, ол қылмыскерді ұстаған кезде айналасындағы адамдарды қорғау үшін өз денесімен гранатаны жапқан. Осыдан кейін мен осы кәсіптің зор маңыздылығын түсіне бастадым», - дейді жас лауреат мемлекеттік тілде жазылған жұмысында.
Өңірдің бас полицейі ПД аппаратының қызметкері Батырхан Қайырбекті де марапаттады. Тәртіп сақшысына қазақ күресінен өткен «Дала қырандары» турнирінде республиканың мықты палуандарын жеңгені үшін чемпиондық белбеу мен ақшалай сертификат берілді.
Сап түзеген жеке құрам оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен өтіп, қызмет атқару орындарына аттанды.
Кешке таман СҚО ПД басшылығы Петропавл қ. ПБ жедел басқару орталығының тәуліктік кезекшілікке түскен ауысымын Жаңа жылмен құттықтады.