Үш петропавлдық Армениядан әкелген көліктерін тіркеді

Үш петропавлдық Армениядан әкелген көліктерін тіркеді

Армениялық нөмірлер тағылған көліктерін мініп жүрген алғашқы петропавлдықтар темір тұлпарларын тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінді. Облыс орталығының тұрғыны Дулат Әбішев өткен жылдың желтоқсан айында теңіз асып 2011 жылы жасап шығарылған Hyundai Elantra автокөлігін әкелген. Оның айтуынша, заңнамадағы жаңашылдықтарды ести салысымен бірден алғашқы күні қажетті құжаттарды жинап, ресімдеуді шешкен. «Мемлекеттің өз азаматтары үшін осындай шешім қабылдағанына қуаныштымын. 12 мың теңге төлеп, көлікті өзімнің атыма ресімдей аламын. Заңды түрде еліміздің жолдарында жүріп-тұруға мүмкіндік туды», - дейді қала тұрғыны. Петропавлдық Иван Козак та бұл шешімге оң бағасын беріп отыр.

Қазақстандықтар Армениядан әкелінген көліктерін маусымның 1-нен бастап тұрғылықты елді мекендері бойынша тіркей алады. Қазір әкімшілік полиция қызметкерлері автокөлік иелерінің тіркеуге байланысты туындаған сұрақтарына жауап беру мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Полиция департаментінде 32-00-19, 32-00-22, 8-776-297-84-32 нөмірлері бойынша «қауырт желі» жұмыс істейді. Сондай-ақ, тіркеу –емтихан алу бөлімінің қызметкерлері көліктерді тіркеу кезеңінде солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап беру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына орналасып, кезекшілік етуде.

«Басқару органдары сол жақта орналасқан, Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және олар Қазақстанға 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автомобильдер тіркеуге жатады. Осындай көлік құралдарын тіркеумен байланысты басқа да мәселелер бойынша біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ресімдеу құны 11 946 теңге. Бұған тіркеу үшін төлем, көлік құралының тіркелу куәлігі мен мемлекеттік тіркеу нөмірі үшін мемлекеттік баж салығы кіреді», - деді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.

СҚО ПД баспасөз қызметі