Халықаралық балаларды қорғау күнін СҚО полицейлері тек күшейтілген профилактикалық іс-шаралармен ғана емес, басқа да қайырымдылық акциялар өткізумен қарсы алды. Олар 1 маусым күні СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың бастауымен Отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды. Олар тек жемістер мен тәттілер ғана апарып қоймады, СҚО ПД мәдени орталығының вокалдық тобы ашық аспан астында 40 тәрбиеленушіге арнап концерт ұйымдастырды.
Өңіріміздің бас полицейі балаларды балғынды балалық шақ мерекесімен құттықтады. «Сендер – біздің болашағымызсыңдар, - деді ол. – Сендердің араларыңда – елімізді көркейтуге, нығайтуға үлес қосатын ертеңгі мемлекеттік қызметшілер, ғарышкерлер, әртістер мен полицейлер бар. – Балаларға жағдай жасау біздердің, яғни ересектердің міндеті, сондықтан балаларды тек мереке күндері ғана қолдаумен шектелмейміз». Балалар ауылының директоры Арыстан Әкімжанов алғысын білдіріп, полицейлердің тәрбиеленушілерді әрдайым назардан тыс қалдырмайтындарын айтып кетті.
Сондай-ақ, Марат Төлебаев Қызылжар ауданының бұрынғы учаскелік полиция инспекторы отставкадағы полиция капитаны Талғат Әбілдин мен Тылдық қамтамасыз ету басқармасының қызметкері Ғалия Қаймолдинаның отбасына барды. Олар жеті бала тәрбиелеп отыр. Тұңғышы 14 жаста болса, кенжесінің туғанына 40 күннен асты. 13 жасар Дана, сегіз және жеті жастағы Әділ мен Әлжан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубына барады. Айта кететіні, клубта Калашников автоматын бұзып-жинаудан Әділ алдына жан салмайды. Отбасына қажетті тұрмыстық техника сыйға тартылды. Марат Төлебаев балалардың жақсы оқып, ата-аналарына тірек болуына тілектестігін білдірді.
«Табысталған сыйлықтар мен жылы тілектеріңізге іні–сіңлілерімнің атынан алғыс білдіремін, - деді 14 жасар Дарина. – Біз полицейлер жұмысының оңай емес екендігін жақсы білеміз. Аналарымыз бен әкелеріміздің жұмыс кезінде уақыт тауып біздерге келіп-кететініне ризамыз».
Барлық полиция бөліністерінің басшылары Қазақстанның кішкентай азаматтарына көмек көрсетуге уақыт тапты. Олар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына сыйлықтары мен қоса құттықтауларын ала келді. Жергілікті полиция қызметі аппаратының аға инспекторы полиция майоры Сайран Сәркенов алты балалы отбасына азық-түлік пен тәттілер әкелді. Аудандық полиция бөлімдерінің басшылары да бұл игі істен тыс қалмады, мәселен, Жамбыл ауданының ПБ бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамов тұрмысы төмен екі отбасына сақшылармен жиналған материалдық көмекті табыстады. Жалпы тәртіп сақшылары бүгін 50-ден астам көпбалалы отбасын құттықтады.
СҚО ПД баспасөз қызметі