СҚО полицейлері бір күнде сертификатталмаған 100 дана пиротехникалық өнім тәркіледі

СҚО полицейлері бір күнде сертификатталмаған 100 дана пиротехникалық өнім тәркіледі

Пиротехникалық өнімдерді дұрыс пайдаланбаған жағдайда есту қабілеті бұзылуы мүмкін, бұдан бөлек, қол мен бет жарақатын алу, өрт қаупі де жоқ емес. Ал сертификатталмаған петардалар, ракеталар мен отшашулар екі есе қауіп төндіреді. Өрт фактілерін, адамдар арасында оқыс оқиғалар мен жарақаттарды азайту үшін ел полицейлері төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, 25 желтоқсаннан бастап «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Тәртіп сақшылары аталған өнімдерді сату орындарына барып, сатушылардың рұқсат құжаттарын, қауіпсіз қолдану бойынша нұсқаулықтардың бар болуын, сақтау мерзімі мен шарттарын тексереді.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні Петропавлда сертификатталған пиротехникалық өнімдерді сататын екі орын бар: олар Кәрім Сүтішев көшесіндегі дүкенде және Жұмабаев көшесіндегі павильонда. Басқа сауда нүктелерінде сертификатталмаған пиротехникалық өнімдер сатылады. ТЖ және полиция қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде барлық ережелер мен қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Отшашуларды қолға ұстап тұрып пайдалануға мүлдем болмайды, отқа балалар мен масаң күйдегі адамдарды жақындатпаған жөн.

Жедел-профилактикалық іс-шараның басынан облыс полицейлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабының бірден үш бұзушылығын анықтады. Сертификатталмаған 100 дана пиротехникалық өнім тәркіленді. Пиротехникалық өнімдер сатылатын орындарда кенеттен рейдтік іс-шаралар жүргізу алдағы күндері де жалғаспақ.

СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша, сақшылар мен құтқарушылар жүргізәіп жатқан алдын алу шараларының мақсаты – солтүстікқазақстандықтардың жарақат алмай, Жаңа жылды оқыс оқиғаларсыз қарсы алуы. «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы 3 қаңтар күні аяқталады.