
Жыл басынан бері облыста зардап шеккендермен орын алған 383 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 26-ы мас жүргізушінің кінәсінен болған, соның салдарынан Солтүстік Қазақстан облысында 11 ай ішінде 6 адам қаза тауып, 18 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысы қатысушыларының тәртібін нығайтуға бағытталған рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 6 күн бойы «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері облыс жолдарында мас болған 10 көлік жүргізушісін тоқтатып, барлығы 1275 жол қозғалысы ережелерін бұзушылығын анықтаған. Көбінесе жүргізушілер қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын елемейді - мұндай фактілердің 140-ы тіркелген. Тағы 105 жүргізуші көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдалаған, 53-і рұқсат етілген жылдамдықты арттырды, ал 17-сі жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген.
"Көлік құралдарын басқару кезінде алкогольді ішуге жол берілмейді, - деп еске салады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. - Мас жүргізушілерді әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру сияқты қатаң жауапкершілікті есте сақтауды сұраймыз. Мас жүргізушілерді анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады ".