
Петропавлда қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жолаушыларды масаң күйде тасымалдаған «31 М» бағытындағы автобус жүргізушісін ұстады.
Шамамен сағат 16.30-да полицияға қаланың ішіндегі автобустардың бірін масаң күйдегі жүргізушісі тізгіндеген деген хабарлама келіп түседі. Жедел бақылау орталығының қызметкерлері оқиға орнына патрульдік полиция батальонының автопатрульдерін жіберген. Автобус Тауфик Мұхамед-Рахимов көшесінде тоқтатылды. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған. Мұны жолаушылар да растады. Жауап алу кезінде 54-жасар жүргізуші бұдан бұрын ішімдік ішкенін мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Баппен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген.
Патрульдік полиция батальонында медициналық куәландыруға сәйкес жүргізушінің орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны туралы хабарлады. Қорытынды негізінде жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сондай-ақ, бағытта жүргізушінің жүруіне жол берген автобус иесіне қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық материалдары қалалық Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, жүргізушінің масаң күйде болғаны туралы полицияға шұғыл хабарлаған жолаушылардың қырағылығы аталған фактінің қайғылы жағдаймен аяқталуын болдырмады. Жыл басынан облыс жолдарында көлікті масаң күйде жүргізген 349 жүргізуші ұсталды. Бұл фактілер дер кезінде анықталып, оқыс оқиғалардың орын алуына жол берілмеді.
Жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша полицейлер күнделікті жұмыс жүргізуде.
СҚО ПД баспасөз қызметі