Мас күйінде рөлге отырған Мамлютка тұрғыны бір жылға бас бостандығынан айырылды

Мас күйінде рөлге отырған Мамлютка тұрғыны бір жылға бас бостандығынан айырылды

Бір жылға бас бостандығынан айыру – мұндай жазамен бұған дейін осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін басқару құқығынан айырылса да мас күйінде рөлге отырған Мамлютка тұрғыны жазаланды. «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің 69 жастағы жүргізушісі өткен жылдың шілде айында масаң күйде рөлге отырғаны үшін көлік жүргізу құқығынан 3 жыл 4 айға айырылған. Осы жылдың ақпанында ішімдік ішкен күйінде ол тағы да рөлге отырып, көлікті басқара алмай кюветке түсіп кеткен. Осы құқық бұзушылығы үшін ер адам ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұрын ол жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, сот оны бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембиннің айтуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар айында мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің жауапкершілігін қатайтып, заңнамаға өзгерістер енгізілді. Егер бұрын мас жүргізуші осындай әрекеті үшін жүргізуші куәлігінен айырылса, айыппұл немесе қоғамдық жұмыс түрімен жазаланса, енді мас күйінде рөлге отырғандар шектелуі немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұрын бұл әрекеттер заңнамада қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылса, қазір бұл қылмыс болып саналады. Жыл басынан бері облыста мас күйінде көлік жүргізуге қатысты 31 қылмыс тіркелді.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске масаң күйде жол ережесін бұзғаны, оның ішінде адамның денсаулығына зиян келтіргені немесе өліміне әкелгені үшін жаза қарастырылған 345-1 жаңа бап енгізілді. Енді адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы үшін мас жүргізуші 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, бұрын масаң күйдегі жол-көлік оқиғасын жасаған кінәлі адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болатын.

СҚО ПД баспасөз қызметі