Петропавл полицейлері өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған ер адамды құтқарды

Петропавл полицейлері өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған ер адамды құтқарды

Петропавлда отбасылық жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Патрульдік полиция полицейлері өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған қала тұрғынын аман алып қалды. Жұма күні шамамен кешкі сағат 9-да «102» арнасына Былғары зауыт ауданында орын алған төбелес туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекенжайға патрульдік полиция қызметкерлері аттанған. Мекенжайға келгеннен кейін жанжалдың мән-жайын анықтап, ер адамды іздеуге кіріскен. Полицейлер үйге жапсарлас салынған үй-жайда өмірімен қоштаспақшы болып, мойнына арқан салған ер адамды анықтаған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Асхат Құрмашев және Руслан Қабдолов дер кезінде келіп, ес-түссіз күйде болған қала тұрғынын құтқарып қалды. Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылды.

«Әрбір секунд маңызды еді. Сәл кештеу келгенде, ер адамды ажалдан аман алып қалар ме едік. Ол масаң күйде болған. Оның осындай әрекетке баруының себебі белгісіз. Үй маңында болған көршілері отбасыда жанжал болғаны туралы айтты», - деді Петропавл қ. Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взвод командирінің орынбасары полиция аға лейтенанты Асхат Құрмашев. Полицейлер есін жиған ер адамды жақындарына тапсырып, ары қарай қызметтерін жалғастырған.

СҚО ПД баспасөз қызметі