
Солтүстікқазақстандық полицейлер 27-29 қараша аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, мал ұрлығымен байланысты қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған жұмыстарды күшейтілген түрде жүргізді. Мал мен ет тасымалдайтын автокөліктер, облыс базарларында ет сататын пункттер тексерілді. Ветеринария саласында 21 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағу қағидаларының бұзылғаны үшін 97 хаттама толтырылды.
«Сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шараның үш күні ішінде бұрын жасалған 4 мал ұрлығы ашылды, оның ішінде Жамбыл ауданында қора-қопсыдан ұрланған 4 қой және Ақжар ауданында ұрланған 2 қой бар, - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Мадияр Харипов. – Ауыл тұрғындары өз мүлкін қорғау бойынша барынша шаралар қабылдауы қажет. Еркін жайылымға жол бермеген жөн, қора-қопсыға мықты құлыптар орнатқан дұрыс. Жыл басынан облыста 20 мал ұрлығы тіркелді, оның 14-і ашылды. Иелеріне 55 бас мал қайтарылды».
Бұдан бөлек, «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқан уақытта учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жүргізілген жұмыстар барысында тіркелмеген қаруды сақтау фактілері анықталды. Қызылжар, Айыртау және Уәлиханов аудандарының тұрғындарынан тәртіп сақшылары 12 және 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтарды тәркіледі. Құқық бұзушылардың бірі мылтықты орман ішінен тауып алғанын айтты, басқаларының айтуынша, қару аталарынан мұра болып қалған. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қару тәркіленіп алынды.