СҚО полицейлері сегіз күнде 12 бірлік қару тәркіледі

СҚО полицейлері сегіз күнде 12 бірлік қару тәркіледі

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 20 қарашадан бастап кең ауқымды «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Басты назарда – қоғамдық қауіпсіздікпен байланысты барлық бағыттар, оның ішінде тіркемелеген қаруды сақтау фактілерін анықтау жұмыстары да бар.

Мысалы, Тайынша ауданында 49 жастағы тұрғынның үйінде 12-ші калибрлі «ТОЗ-34» мылтығы тәркіленіп алынды. Ер адамның айтуынша, оны 20 жыл бұрын Ресей Федерациясына кетіп қалған танысы тастап кеткен. Ал басқа ауылда 58 жастағы аңшы тіркелген «ИЖ-182» мылтығынан бөлек, 16-шы калибрлі «ИЖ-5» маркалы сыңар ауыз мылтығын сақтаған. Ер адам қаруды 10 жыл бұрын ешкім тұрмайтын үйден тауып алғанын айтқан. Екі жағдайда да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Қару тәркіленіп алынып, сараптамаға жіберілді.

«Егер қару тауып алған болсаңыз, оны дереу полицияға тапсыру қажет, - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. – Егер тіркелмеген қару мұра ретінде не болмаса басқа жолмен берілсе, оны да ішкі істер органдарына тапсырған жөн. Тіркелеген қару оқыс оқиғаға себеп болуы немесе ұрылардың қолына түсуі мүмкін. – Заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған тұлға, егер әрекетінде қылмыстың белгілері болмаса заң алдындағы жауапкершіліктен босатылады».

Іс-шараның 8 күнінде облыста 12 бірлік атыс қаруы тәркіленді. Оның ішінде 1 травматикалық және 1 иір ұңғылы, бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.

Бұдан бөлек, полицейлер 3,5 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылықтарды анықтап, есепте тұрған 4,4 мыңнан астам адамды тексерді.